САХНАДАҒЫ СӨЗ СӘНІ: ТІЛ ҮЙРЕНУДІҢ ЖАҢА ҚЫРЫ
Бүгін университетіміздің Кентау қаласындағы Дайындық орталығында тілдер бөлімінің тыңдаушыларының қатысуымен «Өлең жолдары жетелейді сахнаға» атты мәдени шара өтті.
Кештің басты мақсаты – тіл үйренудің тек грамматиканы меңгерумен шектелмейтінін көрсету. Тіл – жазба, әдеби, көркем және ауызекі қолданыс аясын толық қамтитын кешенді құбылыс екенін ұғындыру. Сондай-ақ студенттердің түрік тілін меңгеру деңгейін анықтап, олардың өзге тілде еркін сөйлеу дағдыларын дамыту.
Кеште ректор өкілі Пейами Баттал сөз сөйлеп, студенттерді тек курс аясымен шектелмей, қазақ және түрік тілдерінде кітап, мақала оқуға шақырды.
Дайындық орталығының директоры Гүл Бану Думан өз сөзінде бірлік пен өзара қолдаудың маңызына тоқталып, тіл үйренуде тұрақты қайталау мен тәжірибенің қажет екенін жеткізді. Сонымен қатар, студенттер жазғы демалыс кезінде де тілдік деңгейін сақтауға көңіл бөлуі керек екенін ескертті.
Ал түрік тілі бөлімінің басшысы Мехмет Өзерен студенттердің тек грамматиканы ғана емес, тілдің көркемдік және әдеби қырларын меңгеруге деген қызығушылығы жоғары екенін атап өтті.
Шара барысында қатысушылар ән, поэзия және жаңылтпаш жанрлары бойынша өзара бақ сынап, сахнада түрік тілінде өнер көрсетті. Мәнерлеп өлең оқып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Әсерлі әндер мен мазмұнды қойылымдар кештің көркін аша түсті. Тыңдаушылар бір көрініс арқылы күлдіре отырып, терең ойға батырды.
Байқау қорытындысы бойынша поэзия, ән және жаңылтпаш бағыттарында үздік үш орын иегері анықталып, алғыс хаттармен марапатталды.
Айта кетейік, Дайындық орталығында тыңдаушылар 1 жыл ішінде қазақ және түрік тілдерін жетік меңгеріп шығады. Тек бұл тілдерді ғана емес, түркі әлемінен жиналған достарынан әзербайжан, өзбек, қырғыз сынды өзге де тілдерді үйреніп, түсінеді. Дайындық орталығының ең үлкен құндылығы да осы