STEM БАҒЫТЫН ДАМЫТУҒА АРНАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ БАСТАЛДЫ
Бүгін университетте Ғылым айлығы аясында «Білім берудегі ғылыми жаңалықтар: қазіргі зерттеулер мен болашақ мүмкіндіктер» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Бұл шара ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетінің жобасы аясында STEM бағытындағы технологияларды дамытуға арналған.
Жиынды Жаратылыстану ғылымдары факультетінің Физика кафедрасы ұйымдастырды.
Конференцияның мақсаты – зерттеу нәтижелерін практикада қолдану және жас зерттеушілерді осы бағытта дайындау. STEM бағытын дамыту, өндірістік шешімдерді әзірлеу, жаңа технологияларды жасау және өндірісті цифрландыру.
Басқосуда алғашқы сөз университетіміздің Ғылым және стратегиялық даму вице-ректоры Айнаш Ошибаеваға берілді. Ол: «Құрметті әріптестер, қадірлі қонақтар және сүйікті білім алушылар! Баршаңызды түркі әлемінің рухани астанасы Түркістан төрінде көргеніме өте қуаныштымын. Бүгінгі конференция нағыз ғылым мен білімнің тоғысқан алаңы болады деп ойлаймын. Себебі, конференцияға еліміздің барлық аймақтарынан және шет елдерден 200-ге жуық ғылыми баяндамалар мен мақалалар түсті. Оқу ордамыздағы Физика кафедрасы – ғылым саласында ең жоғары деңгейлі кафедралардың бірі. Мұнда тек білім беру ғана емес, көптеген ғылыми жобалар мен маңызды ғылыми мақалалар дайындалады. Конференция аясында пленарлық мәжіліс, секциялық отырыстар, дөңгелек үстел, STEM жәрмеңкелері, Ғылыми қауымдастықты құруға бағытталған талқылаулар өтеді. Бұл кездесулер болашақтағы ғылыми коллаборацияларға (ынтымақтастыққа) негіз болатынына сенімім мол, сіздерге сәттілік тілеймін»,-деді.
Келесі кезекте Жаратылтану ғылымдары факультетінің деканы Раушан Нұрділләқызы және Инженерия факультетінің деканы Нажи Генч қатысушыларға алғысын білдіріп, конференция жұмысына сәттілік тіледі.
Раушан Нұрділләқызы балаларды мектеп бағдарламасынан бастап, ғылымға баулудың маңызы зор екенін атап өтті. Оның сөзінше, бұл – болашақ ұрпақтың үлкен жетістіктерге жетуінің негізі. STEM бағыты ғылымды, инженерияны, жаратылыстану мен математиканы біріктіріп, ғылымды жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, университетте қазір конференциямен қатар республикалық олимпиадалар өтіп жатқанын тілге тиек етті.
Конференция салтанатты түрде ашылып, пленарлық отырысқа ұласты.
Пленарлық отырыста алғашқы баяндамалардың бірі орта білім беру жүйесіндегі оқу үдерісін бағалауға арналған өлшеуіштерді жетілдіру мәселесіне арналды. Бұл бағытта ұсынылған ғылыми тұжырымдар білім сапасын арттырудың жаңа тәсілдерін қалыптастыруға негіз бола алады. Сонымен қатар, физика ғылымының адамзат өркениетіндегі орны мен оның білім беру жүйесіндегі трансформациясы кеңінен талқыланды.
Халықаралық тәжірибе алмасу аясында шетелдік ғалымдар да өз зерттеулерін ортаға салды. Олардың қатарында университет деңгейіндегі STEM білім беруде күн панельдерін бақылау жүйелерін педагогикалық құрал ретінде қолдану, сондай-ақ физика пәнінде проблемалық оқытуды STEM тәсілімен кіріктіру мәселелері қамтылды.
Пленарлық мәжілісте когнитивті-конструктивистік оқыту технологиялары, болашақ мұғалімдерді даярлаудың жаңа модельдері, цифрландыру жағдайында STEM құзыреттіліктерді дамыту, жасанды интеллект мүмкіндіктерін білім беру үдерісіне енгізу сияқты өзекті тақырыптар кеңінен сөз болды. Қатысушылар оқу үдерісін жаңғырту, инновациялық әдістерді енгізу және білім алушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру бағытында өз ұсыныстарын білдірді.
Бұдан кейін конференция жұмысы секциялық мәжілістерге ұласты. Секциялар аясында физика, математика, информатика және пәнаралық STEM бағыттары бойынша көптеген ғылыми баяндамалар жан-жақты талқыланды. Ғалымдар мен зерттеушілер заманауи білім беру жүйесіндегі өзгерістерге сәйкес жаңа ғылыми бағыттар мен педагогикалық шешімдерді ұсынды.
Секциялық отырыстардың негізгі ерекшелігі – тақырыптардың кең ауқымдылығы мен өзектілігі болды. Атап айтқанда, цифрлық технологияларды білім беру үдерісіне енгізу, виртуалды зертханалар мен симуляциялық модельдерді қолдану, AR және AI технологияларының дидактикалық мүмкіндіктері, сондай-ақ білім алушылардың зерттеушілік дағдыларын дамыту мәселелері кеңінен қарастырылды.
Сонымен қатар, білім алушыларды инженерлік-техникалық қызметке даярлау, STEM жобаларды әзірлеу, пәнаралық интеграция негізінде оқыту, оқушылардың сыни ойлау және шығармашылық қабілеттерін дамыту бағыттары да қатысушылар тарапынан ерекше қызығушылық тудырды. Бұл баяндамалар білім беру мазмұнын жаңарту мен оны практикалық тұрғыдан жетілдіруге бағытталған нақты ұсыныстарымен құнды болды.
Секциялық мәжілістер барысында мектеп, университет және өндіріс арасындағы өзара байланыс мәселесіне де ерекше назар аударылды. Қатысушылар білім беру мен өндірісті ұштастыру, болашақ мамандарды даярлауда тәжірибелік дағдыларды күшейту және ғылыми-зерттеу жұмыстарын нақты өндірістік міндеттермен байланыстыру қажеттігін атап өтті.
Айта кетейік, конференция аясында әлі дөңгелек үстел, ғылыми семинар және STEM жәрмеңке ұйымдастырылады.