№9 СЕНАТ МӘЖІЛІСІ ӨТТІ
Бүгін университетімізде №9 Сенат мәжілісі өтті. Жиынға Сенат мүшелері, құрылымдық бөлім басшылары, оқытушы-профессорлар құрамы қатысты.
Басқосу дәстүрге сай университетіміздің оқытушы-профессорлар құрамын мерейтойларымен құттықтау және жетістіктерімен марапаттау рәсімімен бастау алды.
Ең алдымен, ректор Жанар Темірбекова мен вице-ректор Мустафа Гиритлиоглу Медиа және PR орталығының басшысы, Баспасөз хатшысы Гүлдана Қазтайды ҚР-ның жаңа Конституциясы жобасын сапалы дайындауға, оны қабылдау жөніндегі жалпыхалықтық референдумды ұйымдастыруға айрықша үлес қосқаны үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатымен марапатталуымен құттықтады. Сонымен қатар, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ісінің үздігі» Құрмет дипломын Угилжан Татыкаева, Гульназ Нұсқабаева, Гүлжан Ниязова мен Көпжасар Жетібаевқа табыстады. Ал, Фазладин Темуров пен Шерзод Курбанбеков ҚР-ның жоғары білім және ғылым саласын дамытуға елеулі үлес қосқаны үшін министрліктің арнайы «Құрмет грамотасына» ие болды. Сондай-ақ, Ғылым және жоғары білім министрлігінің арнайы Алғыс хатымен Шерзод Раманкулов, Ғани Исаев, Қанат Базарбаев, Минаш Алтынбекова, Мұрат Ерденов марапатталды.
Келесі кезекте, университет басшылары ғалым Абдурахим Мустафаұлын 70 жас, Қалдыбек Қынабайұлы мен Гүлнұр Сейтмағзұмқызын 60 жас мерейтойымен құттықтап, сый-сияпаттар табыстады.
Айта кетейік, Бекзат Мырзабеков пен Бекболат Сейтов ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің шешімімен «Қауымдастырылған профессор (доцент)» атанды. Ректор Жанар Темірбекова оқытушыларды айтулы жетістіктерімен құттықтады.
Бұдан әрі күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша баяндамалар жасалды. Қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Н.Байбахов 2026-2027 оқу жылына қабылданатын білімгерлер контингентін жоспарлау жөнінде баяндады.
Бұған қоса, Университет ОПҚ-ның құжаттарын ғылыми атақ алу үшін ҚР ҒЖБМ Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетіне ұсыну, Университет ОПҚ-ның дайындаған оқулық, оқу құралын бекіту және РОӘК-не гриф алуға және баспаға ұсыну, Докторанттардың тақырыптары мен ғылыми жетекшілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу, 2026-2027 оқу жылына Қабылдау комиссиясының құрамын бекіту сынды т.б маңызды мәселелер қаралды.