❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
ESC

БАСПАСӨЗ

  • 18.05.2026
  • KZ
  • 323

image

Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті мен Әбу Әли ибн Сино атындағы Бұхара мемлекеттік медицина институты арасындағы өзара ынтымақтастық туралы келісім негізінде халықаралық академиялық ұтқырлық бағдарламасы табысты жүзеге асырылуда. Бағдарлама медициналық білім беру, ғылым және клиникалық тәжірибе саласындағы халықаралық серіктестікті дамытуға бағытталған.

2026 жылғы 27 сәуір мен 2 мамыр аралығында Шымкент қаласындағы Жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық білім беру факультетінің «Арнайы хирургиялық пәндер» кафедрасына Әбу Әли ибн Сино атындағы Бұхара мемлекеттік медицина институтының делегациясы іссапармен келді. Делегацияны жалпы хирургия кафедрасының меңгерушісі, профессор Сафоев Баходир Барноевич бастап келді. Делегация құрамында кафедра доценттері PhD Т.Ш. Болтаев, PhD М.С. Шаропова, PhD А.Э. Рузиев, PhD Ш.Ш. Рахматов, PhD О.З. Латипов және кафедра ассистенті PhD Б.Б. Сафоев болды.

Сапар барысында өзбекстандық мамандар интерндер мен хирургиялық бағыттағы 1–3 курс резиденттеріне дәрістер, тәжірибелік және семинарлық сабақтар өткізді. Оқу іс-шаралары қазіргі хирургияның өзекті мәселелеріне, іріңді хирургиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудің заманауи әдістеріне, инновациялық технологияларды енгізуге және білім алушылардың практикалық дағдыларын жетілдіруге арналды.

Бағдарлама аясында екі жоғары медициналық оқу орнының профессор-оқытушылар құрамы арасында ғылыми-педагогикалық және клиникалық тәжірибе алмасуға ерекше назар аударылды. « Арнайы хирургиялық пәндер» кафедрасы қызметкерлерінің қатысуымен дөңгелек үстел өткізіліп, медициналық білім беру, ғылыми зерттеулер, резиденттер даярлау және хирургиялық бағыттағы мамандардың біліктілігін арттыру салаларындағы болашақ ынтымақтастық перспективалары талқыланды.

Сонымен қатар, академиялық ұтқырлық бағдарламасына сәйкес Шымкент қаласындағы №1 және №2 қалалық клиникалық ауруханалардың іріңді хирургия бөлімшелерінде бірлескен клиникалық обходтар мен науқастарға курация жүргізілді. Бірлескен жұмыс барысында мамандар күрделі хирургиялық науқастарды жүргізу тәжірибесімен алмасып, диагностика, емдеу және операциядан кейінгі бақылаудың заманауи тәсілдерін талқылады.

Халықаралық академиялық ұтқырлық бағдарламасының жүзеге асырылуы екі университет арасындағы серіктестік қатынастарды нығайтуда, ғылыми-білім беру байланыстарын кеңейтуде және медициналық кадрларды даярлау сапасын арттыруда маңызды кезең болды. Алынған халықаралық тәжірибе оқу үдерісіне заманауи білім беру технологияларын, клиникалық тәсілдер мен озық хирургиялық тәжірибелерді енгізуге мүмкіндік береді.

Сапар қорытындысы бойынша бірлескен ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткізу, академиялық алмасулар ұйымдастыру, тағылымдамалар жүргізу, ғылыми мақалалар жариялау және ортақ білім беру мен ғылыми жобаларды жүзеге асыру жөнінде келісімдерге қол жеткізілді.

Аталған халықаралық сапар екі ел мамандары арасындағы кәсіби байланысты нығайтуға, озық тәжірибе алмасуға және жоғары білікті медициналық кадрларды даярлау жүйесін жетілдіруге елеулі үлес қосты. Жоспарланған бастамаларды іске асыру өңірдегі медициналық білім беру, ғылым және практикалық денсаулық сақтау саласының одан әрі дамуына ықпал етеді.