Бүгін оқу ордамызда 15 мамыр – Халықаралық отбасы күніне және 19 мамыр – Ататүрікті еске алу, жастар және спорт күніне орай «Отбасылық драйв: Спорттағы бірлік» отбасылық эстафеталық сайысы өтті.
Шараны «Әлеуметтік-мәдени жұмыстарды ұйымдастыру және психологиялық қолдау көрсету» бөлімі ұйымдастырды. Сайысқа университет оқытушылары мен әкімшілік қызметкерлерінің отбасы қатысты.
Сайыстың мақсаты – отбасылар арасындағы бірлікті, ұйымшылдықты нығайту, салауатты өмір салтын дәріптеу. Сондай-ақ, өзара қолдаудың маңызын арттыру.
Сайыстың ашылуында университеттің Әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры Еділ Төлегенов сөз сөйлеп: «Мемлекет – отбасыдан тұрады. «Әке – асқар тау, ана – бауырындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» болғандықтан, бүгін осы үштік біріккен отбасылық шара жоғары деңгейде өтетініне сенемін. Мерейі тасқан, көпке үлгі болар отбасылар саны арта берсін! Әр отбасының шаңырағы биік, керегесі кең, іші қуаныш пен балалардың шат-шадыман күлкісіне толсын!»- деді.
Отбасылық сайысқа 5 команда қатысты. Әрбір командада 5 қатысушы болды. Алғашқы кезең – «Отбасылық старт» бәсекесінде қатысушылар доппен жүгіріп, қаппен секіріп, туннельден өту арқылы белгіленген межені көздеу тапсырмаларын орындады. Бұл кезеңде командалар кедергілерден өтіп, өзара бақ сынасты.
Екінші кезең «Татулық арқан тарту» деп аталды. Мұнда отбасылардың ауызбіршілігі, бір-біріне деген сенімі мен қолдауы көрініс тапты.
Сайыс барысында қатысушылар ерекше белсенділік танытып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Үшінші кезең – «Ақылды отбасылар». Командалар билет таңдап, спорт тақырыбы мен мақал-мәтелдерге байланысты сұрақтарға жылдам әрі нақты жауап беріп, тапқырлықтарын танытты.
Сайысқа қатысушы командалар тартысты бәсеке көрсетіп, жеңіске жеңіске деген жігерлерін байқатты.
Қорытынды ұпай саны бойынша жеңімпаздар анықталып, университет атынан әр отбасыға күнделікті тұрмыста тұтынатын сыйлықтар табысталды. Нәтижесінде жүлделі І орынды – Заң факультетінің «Қыран» тобы, ІІ орынды – Әдістемелік жұмысты ұйымдастыру бөлімінің «Достық» тобы иеленсе, ІІІ орынды – Өнер, медиа және дизайн факультетінің «Тұлпар» тобы жеңіп алды. «Ең креативті отбасы» номинациясы – Инженерия факультетінің «Самғау» тобына, «Ең белсенді отбасы» номинациясы – Стоматология факультетінің «Жалын» тобына бұйырды.