УНИВЕРСИТЕТІМІЗДЕ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ІС ЖҮРГІЗУ МӘСЕЛЕЛЕРІНЕ АРНАЛҒАН ТРЕНИНГ БАСТАЛДЫ
Оқу ордамызда Заң факультетінің ұйымдастыруымен «Конституцияның үстемдігі және конституциялық іс жүргізуде Amicus Curiae құқықтық институтын дамыту» атты тренинг басталды.
Жиынға адвокаттар, заң консультанттары, жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылық құрамы, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілдері, Бала құқықтары жөніндегі және Отбасы мәселелері жөніндегі уәкілдің өкілдері, азаматтық қоғам ұйымдары қатысып жатыр.
Тренинг модераторы – ҚР Конституциялық Сотының талдаушысы, з.ғ. к., қауымдастырылған профессор Алия Бердибаева болды. Ол: «Бүгінгі тренингтің мақсаты – заң қоғамдастығы өкілдерінің Конституциялық іс жүргізуге сарапшы ретінде қатысу нысандары туралы хабардар болу мүмкіндігін арттыру, олардың құқықтары мен міндеттері жөніндегі ақпараттарын нығайту. Конституциялық Соттың азаматтардың өтініштерін қарау барысында туындап отырған түйткілді мәселелер мен олардың себептерін талқылап, шешу жолдары мен әдістерін ұсыну. Сонымен қатар, халықаралық және ұлттық құқықтық нормалар арасында туындайтын мәселелерді талдау»,-деді.
Тренингті ашып беру үшін сөз кезегін алған ректор Жанар Темірбекова: «Бүгін оқу ордамызда кезекті маңызды іс-шара бастау алды. Бұл тренингті тек кәсіби кездесу ретінде ғана бағаламаймыз. Себебі бұл жиын – еліміздегі Конституциялық Әділеттілікті дамыту, құқық үстемдігін нығайту және азаматтардың негізгі құқықтары мен бостандықтарын қорғау бағытындағы маңызды диалог алаңы деп есептеймін»,-деді. Сондай-ақ, Конституциялық Соттың әлеуеті мен елімізде құқық саласында жүзеге асырылып жатқан реформалар мен бастамалар туралы кеңінен ақпарат берді.
Келесі кезекте, Конституциялық Соттың судьясы Айгүл Кыдырбаева, «Сана Сезім» әйелдер бастамаларының құқықтық орталығы қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Вера Закутняя да пікірлерін ортаға салды.
Ашылу салтанаты одан әрі қарай, «Конституцияның үстемдегі – құқықтық мемлекеттің негізі», «Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына жүгіну қолжетімділігі және конституциялық бақылау органының қызметінің жай-күйі туралы», «Ішкі мемлекеттік құқық пен халықаралық құқықтың өзара қатынасының конституциялық-құқықтық аспектілері», «Конституциялық өндірісте «Amicus Curiae» құқықтық институты» тақырыптарында арнайы сессиялық отырыстарға ұласты.
Сессиялар спикерлерінің қатарында ҚР Конституциялық Сотының талдаушысы, з.ғ. к., қауымдастырылған профессор Алия Бердибаева мен Конституциялық Соттың судьясы Айгүл Кыдырбаева және заң ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің профессоры Ермек Абдрасулов бар.
Тренинг аясында өтетін сессиялар барысында құқық үстемдігі мен заң үстемдігінің негізгі қағидаттары, Конституциялық Соттың қызметі мен өкілеттіктері, азаматтардың Конституциялық бақылау органына жүгіну тетіктері жан-жақты талқыланады.
Сонымен қатар, халықаралық және ұлттық құқық нормаларының арақатынасы, олардың ұлттық заңнамада қолданылу ерекшеліктері, құқықтық коллизияларды шешу жолдары қарастырылады. Сессияларда Конституциялық бақылау органдарының заңдылықты нығайтудағы рөліне, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәселелеріне ерекше назар аударылады. Сондай-ақ, конституциялық өндірістегі Amicus Curiae («соттың досы») институтының маңызы, тәуелсіз сараптамалық пікірлердің рөлі және шетелдік тәжірибелер кеңінен сөз болады.
Айта кетейік, тренинг жұмысы 21-мамырға дейін жалғасады.