ЗАҢДЫ СЫЙЛАУ – ӨЗІҢДІ СЫЙЛАУ: УНИВЕРСИТЕТТЕ ДИДАР СМАҒҰЛОВПЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ
Бүгін оқу ордамызда «Заңды сыйлау – өзіңді сыйлау» тақырыбында кездесу өтті.
Құқықтық мәдениетті арттыруға негізделген тағылымды жиында қоғам белсендісі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәуелсіз сарапшы Дидар Смағұлов ОПҚ және студенттермен кездесті.
Шараның негізгі мақсаты – жастардың құқықтық мәдениетін дамыту, заңға құрмет сезімін қалыптастыру. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасты нығайту және белсенді азаматтық ұстанымды арттыру.
Шарада ректор Жанар Темірбекова заңгер Дидар Смағұловты таныстырып, оқу ордамызға арнайы келген қонаққа алғысын білдірді.
Жиында Әлеуметтік-мәдени және даму вице-ректоры Еділ Төлегенов модератор болды.
Кездесу барысында Дидар Смағұлов «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілетуге бағытталған 2025–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын таныстырды.
Одан әрі заң үстемдігі, әділеттілік пен ашықтық қоғам дамуы үшін қаншалықты маңызды екенін кеңінен түсіндірді. Сонымен қатар, елімізде заңның баршаға ортақ және әр азаматтың заң алдында тең жауапты екенін атап өтті.
Білім алушыларға құқықтық сауаттылықты арттыру, азаматтық жауапкершілікті күшейту және заң талаптарын сақтау мәдениетін қалыптастыру бағытында мазмұнды ақпарат берді.
Осылайша, күрделі мәселелерді қарапайым мысалдар арқылы түсіндіріп, заң талаптарын орындау әр азаматтың жауапкершілігі екенін жеткізді.
Кездесу еркін пікір алмасу форматында өтіп, студенттер өз сұрақтарына жауап алды.