«ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ ЖАҢАРУ КЕЗЕҢІНДЕГІ ИНТЕЛЕКТУАЛДЫҚ ҚОЗҒАЛЫСТАР» АТТЫ  ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СИМПОЗИУМ БАСТАЛДЫ

  • 29.05.2024
  • KZ

image

Бүгін университетімізде оқу ордамыз бен Ван Юзүнджү Йыл университетінің ұйымдастыруымен, сондай-ақ, Түркістан облысы әкімдігі, Қырғыз-Түрік Манас университеті мен Анкара әлеуметтік ғылымдар университеттерінің  қолдауымен  «Түркі әлемінің жаңару кезеңіндегі интелектуалдық қозғалыстар» атты халықаралық симпозиумның ашылу салтанаты өтті.

Айтулы іс-шара – түркі әлемінің әдебиеті мен тарихының, тілі мен мәдениетінің, философиясы мен саяси қатынастарының жаңашылдық үдерістері мен интелектуалдық қозғалыстарына арналды. 

Басты мақсат – күллі түркі әлемінің ғалымдары, зерттеушілері мен ізденушілері бас қосып, тарихтың қойнауынан бүгінге дейін жалғасып жатқан инновациялық үдерістегі динамиканың, интеллектуалдық қозғалыстардың және осы секілді процестердің әлеуметтік, мәдени және саяси құрылымдарға әсерін талқылау. Сонымен қатар, түркі әлемінің күн тәртібіндегі ортақ мәселелерінің шешімдерін іздеп, ортақ мәдени мұрамызды қорғау және дамыту үшін ынтымақтастық мүмкіндіктерін зерделеу. 

Алқалы жиында алғашқы сөз тізгінін Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев алды. Ол көпшілік қауымға облыс әкімі Дархан Сатыбалдының құттықтау тілегін оқып берді. 

Келесі кезекте, университетіміздің ректоры Жанар Темірбекова симпозиумға жиылған қонақтар мен ғалымдарға алғыс білдірді. 

«Құрметті қонақтар, бүгінгі алқалы жиынға қатысушылар мен әріптестер, сүйікті студенттер! Бүгін біздің университетіміз бен әсем қала Түркістан үшін кезекті маңызды басқосу. Себебі, күллі түркі әлемі жастарының ортақ шаңырағына айналған оқу ордамызда жыл сайын аса маңызды әрі мағыналы түркі әлемінің интеграциясына қызмет ететін көптеген ғылыми және білім беру жобалары іске асуда. 

Университеттің алғаш құрылғандағы миссиясы – Түркі әлеміндегі интелектуалдық қозғалыстың көзге көрінетін, ең жарқын мысалы десек, артық айтқандық емес. Өйткені, халықаралық ұйым деңгейінде, халықаралық университет болып құрылған бізден кейін, түркі әлеміндегі халықаралық ұйымдар құрыла бастағаны тарихтан белгілі»,-деді Жанар Темірбекова. 

Сонымен қатар, ректорымыз 2023 жылдан бастап, университетімізде өткен маңызды іс-шаралар туралы баяндады. Жалпы ірі көлемде, жоғары деңгейде 8 симпозиум өтсе, оған түркі елдерінен 2000-ға жуық ғалым, ал шетелдерден 800 ғалым қатысқанын жеткізді. Аталған шараларлың барлығы интелектуалды қозғалыстар екенін баса айтты.

Жиында ректор өкілі Наджи Генч те алыс-жақыннан арнайы келген ғалымдар мен қатысушыларға ризашылығын білдірді. Осы уақыт аралығында өткен түрлі конференциялар мен жиындардан бүгінгі симпозиумның өзіндік ерекшелігі туралы баяндады. Симпозиумға қатысушылардан түркі елдері үшін маңызды ұсыныстар мен жүйелі ойлар ұсынатынына сенетінін жеткізді. 

Ал, қадірменді қонақтар Қырғызстан Түркия Манас Университетінің жауапты хатшысы, профессор Октай Өзгүл мен Түркі мәдениеті ұйымы (ТҮРКСОЙ) Бас хатшысының орынбасары Юсуф Сайит симпозиумның маңызы жайлы тарқата айтты. Түркі елдерінің ғалымдарының басын қосып, бірлік пен ынтымақтастықтың озық үлгісін көрсетіп, ұйымдастырған қос университеттің басшылығына алғыстарын айтты. 

Айта кетейік, симпозиум 5 секция бойынша өз жұмысын бастады. Сондай-ақ секциялық отырыстарда: Түркі әлемі әдебиеттері,Түркі әлеміндегі жаңару кезеңдері мен интеллектуалдық қозғалыстар, Түркі әлемінің зияткерлік(пікір) сәулетшілері, Инновациялық кезең шеңберіндегі қазіргі түркі жазба тілдері, Түркі әлеміндегі баспасөз және ағарту сынды т.б маңызды тақырыптарды қамтылмақ.