❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
ESC

Республикалық пәндік олимпиадада Бас жүлде иелендік!

  • 24.04.2026
  • KZ
  • 158

image

2026 жылдың 24–25 сәуір күндері Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті Филология институтының Қазақ тіл білімінің теориясы мен әдістемесі кафедрасының ұйымдастыруымен «Қазақ тілі» пәні бойынша Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының өзге ұлт өкілдері студенттері арасында республикалық пәндік олимпиада өтті.

Білім сайысына еліміздің әр өңірінен келген 19 жоғары оқу орнының командалары қатысып, өзара бақ сынасты. Олимпиада қорытындысы бойынша Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің командасы жоғары нәтиже көрсетіп, университет тарихында тұңғыш рет Бас жүлдені жеңіп алды.

Олимпиада екі кезең бойынша ұйымдастырылды. Бірінші кезеңде қатысушылар «Мен және менің университетім» тақырыбында таныстырылым дайындап, шығармашылық және тілдік қабілеттерін көрсетті. Екінші кезеңде оқылым тапсырмасы орындалды. Қатысушылар ұсынылған мәтіндердің бірін таңдап, мәтінмен үш минут ішінде танысып шыққаннан кейін оның мазмұны бойынша қойылған сұрақтарға жауап берді. Сонымен қатар топ мүшелерінің коммуникативтік құзыреттілігі, сұхбатқа қатысу белсенділігі, ойды жүйелі жеткізуі және берілген тақырып аясында сюжет құра білу дағдылары бағаланды.

Барлық бағалау талаптарын жоғары деңгейде орындап, университет абыройын асқақтатқан команда құрамында 6В04142 – Экономика білім беру бағдарламасының 1-курс студенттері: Агамырадов Мекан, Хамид Сурхаби Инаятуллах, Султани Ахмад Садик болды.

Білімгерлерді олимпиадаға дайындап, жетекшілік жасаған Қазақ филологиясы кафедрасының доценті Мағжан Сәуле Мағжанқызына, пән оқытушылары PhD, доцент Маржан Талдыбаева Дарханқызына, доцент Шолпан Қарсыбекова Пернеқызына, доцент Даулетова Айнаш Серікқызына, сондай-ақ университеттің Түркия Республикасы мен түркі тілдес елдерден және туыстас қауымдастықтардан келген тыңдаушыларға арналған Дайындық орталығында «Тіл білімін жетілдіру» курсы бойынша дәріс берген профессор-оқытушылар құрамына ерекше алғыс білдіреміз.

Бұл жетістік – білімгерлердің табанды еңбегі мен ұстаздардың кәсіби шеберлігінің нәтижесі. Бас жүлде университетіміздің мемлекеттік тілді оқытудағы жетістіктерінің айқын көрінісі болып табылады.

Жеңімпаздарды шын жүректен құттықтаймыз! Мемлекеттік тіліміздің мәртебесі артып, білім мен ғылым жолындағы жетістіктеріміз молая берсін!