❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
ESC

УНИВЕРСИТЕТТЕ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТТІ БІЛІМ БЕРУДЕ ҚОЛДАНУҒА АРНАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТРЕНИНГ ӨТТІ

  • 12.06.2026
  • KZ
  • 485

image
Университетімізде «Жасанды интеллектті STEM бағытындағы білім алушыларға ағылшын тілін оқытуда қолдану» атты халықаралық тренинг өтті. Шараны АҚШ Мемлекеттік департаментінің English Language Specialist бағдарламасы аясында шақырылған маман Джереми Тарбаттон жүргізді.
Кәсіби дамуға бағытталған тренингті Қазақстан ағылшын тілі мұғалімдері қауымдастығы (KazTEA) және Халықаралық байланыстар департаменті АҚШ-тың Қазақстандағы Елшілігінің қолдауымен бірлесе ұйымдастырды.
Бес күнге созылған тренингке ағылшын тілін меңгеруі B2–C1 деңгейіндегі 20-дан аса мектеп мұғалімі мен 30-ға жуық университет оқытушысы қатысты.
Басты мақсат – ағылшын тілі мұғалімдерінің кәсіби біліктілігін арттыру, жасанды интеллект құралдарын білім беру үдерісіне тиімді енгізуге және заманауи оқыту әдістерін меңгеруге мүмкіндік беру. Сондай-ақ, Қазақстан мен АҚШ арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастықты нығайту.
Оқу бағдарламасының бірінші күні қатысушылар Жасанды интеллектінің көмегімен дәстүрлі сабақ шеңберінен шығып, пассивті оқу үдерісін жаратылыстану және техникалық бағыттағы студенттерге арналған интерактивті, коммуникативті ортаға айналдыру жолдарын зерттеді.
Келесі күні сарапшының дәрісі ағылшын тілі мұғалімдері мен оқытушыларына арналған сыни ойлау және CLIL әдістемесіне арналды. Мұғалімдер ЖИ құралдарын пайдалана отырып, студенттердің аналитикалық дағдыларын дамытумен қатар, STEM тұжырымдамаларын меңгерді.
Тренингтің үшінші күн жасанды интелектіде промпт жазу шеберлігі мен материалдарды бейімдеуге бағытталды. Қатысушылар жасанды интеллект модельдерін, түпнұсқалық STEM мәтіндерін әртүрлі деңгейдегі оқушыларға арналған оқу және сөйлеу материалдарына ыңғайлауға басты назар аударып, промпт-инжинирингті іс жүзінде қолданды.
Төртінші күні қатысушылар тілдік бағалау мен кері байланысты жасанды интеллект көмегімен қайта қарап көрді. Қалыптасқан бағалау жүйесінен алшақтап, ЖИ-де нақты уақыт режимінде диагностикалық кері байланыс беруді және STEM контексіндегі тілдік ілгерілеуді бақылайтын динамикалық критерийлерді құруды үйренді.
Оқу бағдарламасының соңғы күні жасанды интеллектті қолданудың этикалық мәселелерін талқылаумен аяқталды.
Сонымен қатар, тренингтің бесінші күні АҚШ Бас консулдығының ағылшын тілі бағдарламаларының үйлестірушісі Нұргүл Жанабаева келіп, Қазақстан мен АҚШ арасындағы екі жақты қарым-қатынастың маңызына тоқталды. Екі ел арасында жүзеге асырылып жатқан жобаларды таныстырды.
Курс барысында қатысушылар интерактивті тренингтер, тәжірибелік тапсырмалар, топтық талқылаулар орындап, тәжірибе алмасты. Халықаралық тәжірибемен танысып қана қоймай, өздерінің кәсіби қызметінде қолдануға болатын нақты әдістемелік шешімдерге қол жеткізді.
Қатысушылар заманауи AI-құралдарын зерттеді. STEM-білім беруде ағылшын тілін оқытудың озық әлемдік тәжірибелерімен танысты. Интерактивті оқу материалдары мен дербестендірілген білім беру ресурстарын жасау әдістерін игерді.
Сондай-ақ, халықаралық сарапшыдан кеңес алып, кейін өз өңірлерінде әріптестеріне арналған тренингтер өткізуге қажетті көшбасшылық дағдыларын дамытты.
Қорыта айтқанда, тренингтің жетекші спикері, АҚШ-тың English Language Specialist бағдарламасының сарапшысы Джереми Тарботтон курс барысында жасанды интеллект негізіндегі заманауи платформалармен жұмыс істеуді үйретті. Нақтырақ айтқанда, ЖИ-мен интеграцияланған заманауи білім берудің ең маңызды бағыттарын, сабақ жоспарлау, оқу материалдарын әзірлеу, студенттердің тілдік дағдыларын дамыту және бағалау үдерістерінде қолдану жолдарын қамтыды.
Сондай-ақ, қатысушыларға білім беру саласындағы жасанды интеллект дамуының өзекті үрдістерін және оны оқу үдерісіне біріктірудің тиімді жолдарын ұсынды. Тәжірибеге бағытталған шара барысынад қатысушылар білім алып қана қоймай, іс жүзінде қолдануға мүмкіндік алды.
Тренинг соңында барлық қатысушылар сертификатқа ие болды. Мұғалімдер мен оқытушылар спикер Джереми Тарботтонға алғыстарын білдіріп, сый-сияпат табыстады.