Бүгін университетімізге АҚШ-тың Астанадағы Елшілігінің Қоғамдық байланыстар жөніндегі қызметкері Али Лейлич және АҚШ Бас консулдығының ағылшын тілі бағдарламаларының үйлестірушісі Нұргүл Жанабаева және Қазақстандық ағылшын тілі мұғалімдерінің қауымдастығының (KazTEA) президенті Татьяна Летьяйкина арнайы іссапармен келді.
Құрметті қонақтар академиялық мәселелер вице-ректоры Эльмира Идрисова және Қаржы және халықаралық байланыстар вице-ректоры Мустафа Гиритлиоглумен кездесті.
Кездесу барысында университет, АҚШ консулдығы және KazTEA ұйымы арасында «English Access Scholarship Program» (Access) халықаралық стипендиялық бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі үш жақты келісімшартқа ресми түрде қол қойылды.
Access бағдарламасы — АҚШ Мемлекеттік департаментінің қолдауымен әлемнің көптеген елінде табысты жүзеге асырылып келе жатқан жаһандық білім беру бастамасы.
Жобаның негізгі мақсаты — іріктеуден өткен талантты жастардың ағылшын тілін меңгеру деңгейін арттыру. Сондай-ақ, елдер арасындағы өзара түсіністікті нығайту және кәсіби даму мүмкіндіктерін кеңейту.
Бағдарлама талаптарына сәйкес STEM (жаратылыстану ғылымдары, технология, инженерия, математика), IT және бизнес мамандықтары бойынша білім алып жатқан, 18–21 жас аралығындағы ең белсенді 32 студент іріктеліп алынады.
Студенттер 18 ай көлемінде 360 академиялық сағаттан тұратын қарқынды тілдік және практикалық курстан өтеді. Оқу бағдарламасын сәтті аяқтаған студенттерге АҚШ Бас консулы қол қойған халықаралық үлгідегі сертификат табысталады.
Сонымен қатар, үздік түлектер АҚШ Бас консулдығының қолдауымен ұйымдастырылатын және Қазақстанда жұмыс істейтін ірі америкалық компаниялар қатысатын жабық форматтағы бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне қатысуға мүмкіндік алады.
Аталған жоба университет оқытушылары мен үйлестірушілері үшін де KazTEA және АҚШ консулдығы мамандарымен бірлесе жұмыс істеу, халықаралық жобаларды басқару және кәсіби біліктілікті арттыру тұрғысынан үлкен тәжірибе алаңына айналмақ. Әрі білім беру кеңістігін халықаралық деңгейде интеграциялау бағытындағы тағы бір маңызды қадам болды.
Кездесу соңында тараптар бір-біріне алғыс айтып, сый-сияпат табыстады.