УНИВЕРСИТЕТ СТУДЕНТТЕРІ АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫНДА ЖЕҢІМПАЗ АТАНДЫ



Боксшы студенттеріміз Индонезияның астанасы Джакарта қаласында World Boxing ұйымының ұйымдастыруымен өткен бокстан жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында жеңімпаздар қатарынан көрінді.
Қазақстан құрамасының U-23 санатындағы финалистері қатарында оқу ордамыздың үш бірдей студенті Аман Қонысбек (75 кг), Өнер Сейілхан (80 кг) және Шұғыла Нәлібай (75 кг) ел намысын абыроймен қорғап, жүлделі орындарға ие болды.
21 жасқа дейінгі қыздар арасында 75 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Шұғыла Нәлібай финалда Үндістан өкілі Мускан Мусканды 5:0 есебімен айқын жеңіп, Азия чемпионатының алтын медалін жеңіп алды.
Сондай-ақ, 21 жасқа дейінгі жігіттер арасында 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қолғап түйістірген Аман Қонысбек ақтық сында қырғызстандық Алмаз Орозбековпен кездесіп, чемпион атанды.
Дәл осы жас категориясы бойынша 80 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Өнер Сейілхан өзбекстандық Фазлиддин Еркинбоевке жол берді. Нәтижесінде студентіміз күміс жүлдені иеленіп, ел қоржынына тағы бір жүлде салды.
Университетіміздің абыройын асқақтатып, халықаралық додада жоғары нәтиже көрсеткен студенттеріміздің жеңісі құтты болсын! Алдағы жарыстарда толағай табыс, зор денсаулық және жаңа жеңістер тілейміз!