ҚАЗАҚ ТІЛІН ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТКЕ БЕЙІМДЕУГЕ АРНАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СИМПОЗИУМ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ
Оқу ордамызда екі күнге жалғасқан «Қазақ тілі – ғылымтілі: Digital Qazaqstan дәуірінде ғылыми трансформация» атты III Халықаралық симпозиум өз мәресіне жетті.
Ғылыми жиынның екінші күні «Қазақ лингвистикасының логистикасы – Қазақстан ғылымының инновациясы және инвестиция негізі» тақырыбындағы дөңгелек үстелмен басталды.
Дөңгелек үстелде қазақ тіл білімінің ғылыми инфрақұрылымын жетілдіру, лингвистикалық зерттеулерді жүйелеу, ғылыми нәтижелерді технологиялық жобалар мен нақты цифрлық өнімдерге айналдыру, сондай-ақ тілсаласына инвестиция тарту мәселелері талқыланды. Қатысушылар қазақ лингвистикасын цифрлық технологиялармен сабақтастырып, оның Қазақстан ғылымымен инновациялық экономиканың дамуына қызмет ететін мүмкіндіктері жөнінде пікір алмасты.
Сондай-ақ, алты бағыт бойынша секциялық отырыстардың екінші бөлімі өтті. Іргелі және қолданбалы тіл білімі секциясында жасанды интеллект дәуіріндегі қазақ ғылыми тілінің трансформациясы, қазақ тіліндегі ғылыми контентті дамытудағы Wikipedia мүмкіндіктері, әлеуметтік философия мен дипломатия тілінің ерекшеліктері және Рахманқұл Бердібай публицистикасындағы тіл мәселесі қарастырылды.
Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар секциясында білім беру мен тарихты оқытуда жасанды интеллектіні тиімдіқолдану, «Алаш» газетінің архивтік корпусын жүйелеу, тарихи деректер мен цифрлық жадының трансформациясы, сондай-ақ жас ұрпақтың бойында ұлттық құндылықтарды қалыптастыру мәселелері талқыланды.
Жаратылыстану және техникалық ғылымдар бағытындағы отырыста қазақ тіліндегі жалған ақпаратты жасанды интеллект арқылы анықтау, қазақтілді балалардың сөйлеу ақаулықтарын интеллектуалды жүйелер көмегімен айқындау, үлкен тілдік модельдердегі қазақ тілінің орны, білім берудегі мәтіндерді автоматты өңдеу, компьютерлік көру, киберқауіпсіздік және цифрлық ғылыми инфрақұрылым тақырыптары қамтылды. Химия мен математиканы оқытуда VR, AR және жасанды интеллект құралдарын пайдалану мүмкіндіктері де ортаға салынды.
Қазақ тіліндегі құқықтық дискурсқа арналған секцияда конституциялық-құқықтық ақпараттың мемлекеттік тілде қолжетімділігі, құқықтық терминологияны жетілдіру, қазақ тіліндегі құқықтық білім мен ғылыми контентті дамыту, жасанды интеллектіні құқық саласында қолдану жәнецифрлық трансформация жағдайындағы заң ұғымдарын қалыптастыру мәселелері талданды.
Қазақ өнеріне арналған секцияда ұлттық мұраны цифрлық форматта сақтау мен танытудың жаңа тәсілдері қарастырылды. Қатысушылар дәстүрлі сырмақ өнерін цифрлық визуализациялау, қазақ ән өнерін заманауи форматта оқыту, сахналық мәтінмен жұмыс істеуде жасанды интеллектіні қолдану және өнертану терминдерін жүйелеу бағытында баяндама жасады.
«Мекемтас Мырзахметұлы және қазақ руханияты» секциясында көрнекті ғалымның абайтану ғылымындамытудағы орны, түркі халықтарының рухани мұрасын цифрландыру, әдеби мәтіндерді жасанды интеллект көмегімен зерттеу, Абай мен түркі ойшылдарының шығармаларындағы рухани-этикалық құндылықтар және ежелгі түркі әдеби мұрасын ғылыми айналымға енгізу мәселелері қозғалды.
Айта кетейік, симпозиумның алғашқы күні пленарлық отырыс және секциялық отырыстардың бірінші бөлімі өтті. Ғылыми басқосуларға отандық және шетелдік ғалымдар, лингвист-зерттеушілер, IT мамандары, мемлекеттік органдардың, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу ұйымдарының өкілдері, оқытушылар мен жас зерттеушілерқатысты.
Ғалымдар жасанды интеллект дәуіріндегі қазақ тілінің даму бағытын, ұлттық тіл моделін қалыптастыру, сапалы тілдік деректер қорын әзірлеу, қазақ тілді цифрлық ресурстарды көбейту және ғылыми терминологияны біріздендіру мәселелерін ортаға салды.
Симпозиумның маңызды оқиғаларының бірі – ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көрнектіәдебиеттанушы, абайтанушы ғалым, профессор Мекемтас Мырзахметұлы атындағы дәрісхананың ашылуы болды.
Екі күндік ғылыми пікірталастың қорытындысы бойынша қазақ тілін цифрлық дәуірде толыққанды ғылым тілі ретінде орнықтыруға бағытталған симпозиум қарары қабылданды. Құжатта қазақ тілінің іргелі ғылыми корпусын кеңейту, академиялық мәтіндердің мамандандырылған подкорпусын жасау, жасанды интеллект жүйелеріне арналған сапалы нейрожелілік модельдерді әзірлеу және электрондық терминологиялық платформаларды жетілдіру ұсынылды. Сонымен қатар қолжазбалар мен архивтік деректерді цифрландыру, жаратылыстану және техникалық ғылымдарда қазақ тілінің қолданысын арттыру, қазақтіліндегі ғылыми журналдарды халықаралық дерекқорларға интеграциялау қажеттігі белгіленді.
Қарарда құқықтық терминологияны жүйелеу, жасанды интеллект негізіндегі цифрлық құқықтық сервистерді дамыту, ұлттық өнер мен рухани мұраны цифрлық архивтер, 3D модельдер және виртуалды музейлер арқылысақтау мәселелері де қамтылды. Сонымен қатар Мекемтас Мырзахметұлының ғылыми еңбектерін цифрландырып, ашық электрондық база құру, жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларына «Абайтану» пәнін енгізу және«Қазақ тілі – ғылым тілі» халықаралық симпозиумын екіжылда бір рет өткізу ұсынылды.
Осылайша, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғарыбілім министрлігі, Түркістан облысының әкімдігі, ҚожаАхмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы және Халықаралық«Қазақ тілі» қоғамының ұйымдастырған дәстүрлі симпозиум жоғары дәрежеде мәресіне жетті.