«CLUB FAIR — 2026» КЛУБТАР КӨРМЕСІ ӨТТІ
Университетімізде жылдағы дәстүрге сай «Шаңырақ» клубтар координациясының ұйымдастыруымен «CLUB FAIR — 2026» клубтар көрмесі өтті.
Негізгі мақсат — студент жастардың уақыттарын тиімді өткізу, белсенділігін арттырып, бағыт-бағдар көрсету.
Ең алдымен, ректор Жанар Темірбекова мен ректор өкілі Пейами Баттал, Әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры Еділ Төлегенов клубтар көрмесін аралап, әр клубтың бағыт-бағдарымен танысты. Көрмеде басшылар клубқа тіркелген жалынды жастардың мақсаты ортақ, арманы асқақ екенін аңғарды.
Жиынның ашылу салтанатында сөз сөйлеген ректор Жанар Темірбекова: «Университетімізде CLUB FAIR шарасы жыл сайын өтіп келеді. 1-ші курс студенттері сіздерді осы жерден көргеніме өте қуаныштымын. Қош келдіңіздер!
Университетімізде қабілетті, дарынды, білімді студенттер өте көп. Бүгінгі клубтар көрмесіне мүше болған студенттердің барлығы өз бағытын таңдады деп сенемін. Себебі, студенттік жылдар тұлға — болып дамудың алғашқы баспалдағы.
Әрине, 4 жыл оқу кезеңі көзді-ашып жұмғанша өте шығады. Ясауи университетінің өмірі қызық әрі мүмкіндіктерге толы. Сондай мүмкіндіктердің бірі - «Шаңырақ» клубтар координациясы. Клубтар студенттердің шығармашылығын шыңдауға таптырмас орын!», -деді.
Келесі кезекте ректор өкілі Пейами Баттал: «Менің білуімше, қазіргі таңда клубтартарға тіркелген 150-ден аса студент бар. Біз мүмкіндігінше барлық студенттерді клубтарға тіркелуге ынталандыруымыз керек. Ол үшін университет тарапынан қашанда қолдауға дайынбыз. Клуб жетекшілері мен клуб төрағаларына, клуб мүшелеріне алдағы жұмыстарына сәттілік тілеймін!», -деді.
Биылғы оқу жылында университетімізде 30 жуық студенттік клуб жұмыс істейді.
Айта кетейік, биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» жалпы ұлттық экологиялық акциясын қолдау мақсатында жаңа оқу жылынан бастап университетте экологиялық клубтардың саны артып отыр. Қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында «Таза арна» және «Yassawi Табиғат» сияқты жаңа клубтар жұмысын бастады.
Сондай-ақ Ғылым мен инновация бағытында жаратылыстану лабораторияларының әлеуетін студенттік бағытта дамыту мақсатында «STEAM HUB» клубы құрылды. Клуб студенттердің ғылыми-инновациялық жобалармен айналысуына бағытталған.
Сонымен қатар, қазіргі таңда студенттер арасында кездесетін психологиялық мәселелердің алдын алу және көмек көрсету мақсатында арнайы «Психологиялық қолдау» клубы ашылды. Аталған клуб студенттермен тікелей жұмыс істейді. Жастардың тұлғалық дамуына, эмоционалдық жағдайына және оқу процесіне бейімделуіне жан-жақты қолдау көрсетеді.
Осылайша жаңадан ашылған және қайта жаңғыртылған клубтар студенттердің жан-жақты дамуына, қоғамдық белсенділігін арттыруда маңызды рөл атқарып келеді.
Ашылу салтанаты одан әрі концерттік бағдарламаға ұласты. Клубтар туларын көтеріп, өз мақсаттарын таныстырды.
Келесі кезекте, белсенді жастар көрермен қауымға мерекелік көңіл-күй сыйлап, сахна төрінде өнер көрсетті. Әуезеді ән шырқап, би биледі.