«ҰСТАЗ – ҰЛЫ ТҰЛҒА» АТТЫ МЕРЕКЕЛІК КОНЦЕРТ ӨТТІ
Университетімізде «Ұстаз – ұлы тұлға» атты мерекелік концерт өтті. Салтанатты кеш 1 қазан – Жоғары білім қызметкерлер күні, Халықаралық қарттар күні және 5 қазан – Халықаралық ұстаздар мерекесіне орай ұйымдастырылды.
Мерекелік кештің шымылдығын түрген ректор Жанар Темірбекова: «Құрметті әріптестер мен ардақты ардагерлер, сүйікті студенттер!
Ауыз әдебиетінде ұстаздар туралы аңыздар мен әпсаналар өте көп. Соның ішінде Ясауи бабамыздың өз ұстазы Арыстан бабтың тағылымын өмірлік жолына бағдар етуі – мына біздерге, кейінгі ұрпаққа өнеге. Түркі халықтары осы сабақтастықты ғасырлар бойы жалғастырып келеді. Ардагерлер мен ұстаздар – өткеннің өнегесін бүгінге жеткізіп, келешекке бағыт-бағдар сілтейтін асыл қазына. Университеттің барлық жетістіктері – сіздердің еңбектеріңіздің нәтижесі. Сіздерге зор денсаулық, толағай табыс тілеймін. Қос бірдей мереке құтты болсын»,- деді.
Келесі кезекте, ректор өкілі Пейами Баттал: «Біздің оқу орны Ясауи бабамыздың руханиятын, оның философиясын әлемге және 22 түрлі ел мен қауымдастықтан келген студенттерге дәріптеуде. Осындай мүмкіндік пен жауапкершілік басқа ешқандай оқу орнында жоқ. Осы тұрғыдан алғанда сіздер өте бақыттысыздар. Сондықтан мереке баршаңызға құтты болсын!»,- деді.
Университет басшылары бір топ оқытушы мен қызметкерге мерейлі мерекеге орай білім мен ғылым саласының қарыштап дамуына үлес қосып жүргені үшін құрмет көрсетіп, сый-сияпат табыстады.
Салтанатты жиын одан әрі мерекелік концертке ұласты. Сахна төрінде бишілер мың бұрала би билеп, «Атамекен» ұлт аспаптар фольклорлық ансамблі күмбірлетіп күй шертті. Оқытушылар мен өнерлі студенттер әуелете ән шырқап, ұстаздар мен қазыналы қарттарға гүл шоқтарын сыйлады.
Осылайша бүтін бір ұлтты, қоғамды білім нәрімен сусындатып жүрген ұстаздар қауымы мен ардагерлерге арналған мерекелік концерт жоғары деңгейде өтті.