❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
P

УНИВЕРСИТЕТІМІЗ COURSERA ПЛАТФОРМАСЫНДА АЛҒАШҚЫ КУРСЫН ЖАРИЯЛАДЫ

  • 02.10.2026
  • KZ
  • 92

image

Оқу орнымыз әзірлеген «Қаржылық сауаттылық негіздері» атты жаппай ашық онлайн курс Coursera халықаралық білім беру платформасында жарияланды. Бұл – университетіміздің аталған платформаға енген алғашқы курсы.

Қазақ тілінде ұсынылған курстың жетекшісі – Экономика және басқару факультеті Экономика, қаржы және есеп кафедрасының профессор міндетін атқарушы Мырзабекқызы Құндыз.

Курс білім алушылардың қаржылық сауаттылығын арттыруға, жеке және отбасылық қаржыны тиімді басқаруға қажетті білім мен практикалық дағдыларды қалыптастыруға бағытталған.

Оқу барысында қаржылық сауаттылықтың мәні, ақша және төлемдер, табыстар мен шығыстарды басқару, отбасылық бюджетті жоспарлау, салықтық міндеттемелер, банктік қызметтер, депозиттер мен несиелер, сақтандыру және қаржылық тәуекелдерді басқару мәселелері қарастырылады.

Сонымен қатар білім алушылар қаржы нарығы мен инвестициялау негіздерін, инвестициялық құралдардың табысы мен тәуекелін, жеке кәсіпкерлік пен стартаптарды қаржыландыру жолдарын меңгереді. Жеке тұлғалардың банкрот болуы, борыш міндеттемелерін басқару және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету тақырыптарына да ерекше назар аударылған.

Курстың маңызды бағыттарының бірі – қаржылық қауіпсіздік. Тыңдаушылар қаржы пирамидалары мен алаяқтықтың негізгі белгілерін анықтауды, банк карталары мен жеке деректерді қорғауды, күмәнді қаржылық ұсыныстарды бағалауды және ықтимал тәуекелдердің алдын алуды үйренеді.

Оқу бағдарламасы бейнедәрістерден, қысқаша оқу материалдарынан, тест тапсырмаларынан, практикалық кейстерден, есептерден, талқылау және өзара бағалау тапсырмаларынан тұрады. 

Курсты аяқтаған білім алушылар қаржылық өнімдерді салыстыру, жеке және отбасылық бюджетті жоспарлау, тәуекелдерді бағалау және негізделген қаржылық шешімдер қабылдау дағдыларын меңгереді.

Айта кетейік, осы курсты қосқанда, Coursera платформасындағы қазақстандық жаппай ашық онлайн курстар топтамасы 43 курсқа жетті.

Университетіміз атынан Coursera жобасының серіктесі BMG UpSkill компаниясына курсты әзірлеу және жариялау кезеңдерінде көрсеткен қолдауы үшін алғыс айтамыз.

Алдағы уақытта да университетіміздің ғылыми-білім беру әлеуетін халықаралық цифрлық кеңістікте танытатын жаңа курстар көбейе берсін!