«БИСҰЛТАН» БИШІЛЕРІ БОЗЖЫРАДА ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДІ ҰЛЫҚТАДЫ



Ақтаудың табиғи көркімен ерекшеленетін Бозжыра шатқалында «Бисұлтан» би ансамблінің түлектері мен студенттері бірлескен түсірілім ұйымдастырды. Ұлттық нақыштағы әсем костюмдер мен өр рухты би қимылдары үйлесім тапқан түсірілімде дала болмысы мен қазақ би өнерінің сұлулығы бейнеленді.
Ерекше түсірілімге кезінде «Бисұлтан» би ансамблінде өнер көрсетіп, кейін «Алтын тамыр» атты шығармашылық ұжым құрған түлектер де қатысты. Ал қазіргі студенттер көрерменге жақсы таныс «Сырлы қыздар» биін орындап, табиғат аясында ұлттық өнердің нәзіктігі мен айшықты қимылдарын паш етті.
Табиғаттың тылсым сұлулығы мен ұлттық бидің үйлесімін ұштастырған бұл шығармашылық жоба – әр жылдары ансамбльде өнер көрсеткен бишілердің басын қосқан ерекше коллаборация. Бір сахнада шыңдалған түлектер мен бүгінгі студенттер осылайша өнер сабақтастығын жалғап, ортақ шығармашылық идея төңірегінде тоғысты.
Айта кетейік, «Бисұлтан» – өзіндік қолтаңбасы мен жетістіктері қалыптасқан халықтық би ансамблі. Түрлі байқаулардың жеңімпазы атанған ұжымның көркемдік жетекшісі – Қазақстан Республикасының үздік хореографы, мәдениет қайраткері Гүлнәзия Тәуекелова.
Осылайша, Бозжыра төріндегі бұл түсірілім ұлттық би өнерінің көркемдігін ғана емес, ортақ өнерге деген сүйіспеншілік пен түлектер арасындағы шығармашылық байланысты да нығайта түсті.