ОҚУ ОРДАМЫЗ БАЛАЛАРҒА ҚУАНЫШ СЫЙЛАДЫ

Жиынға Өкілетті Кеңес төрағасы Мұхиттин Шимшек, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев, Түркия Республикасының Түркістандағы Бас консулы Илкер Пак, университеттің басшылық құрамы және оқытушы-профессорлары, ата-аналар мен бүлдіршіндер қатысты.
Айтулы іс-шара – оқу ордамыздың Өкілетті Кеңес Басқармасы тарапынан бастау алған игі дәстүр. Клиника-диагностикалық орталығында биыл 74 бүлдіршін сүндеттелген. Сол бүлдіршіндер бүгінгі жиынның басты қонақтары болды.
Жиында алғашқы құттықтау сөзді алған Түркия Республикасының Түркістандағы Бас консулы Илкер Пак:
«Құрметті университет ұжымы, қонақтар мен ата-аналар, ең алдымен осындай игі шараға шақырған университет басшылығына алғыс білдіремін! Ясауи университетінде өтетін ғылыми іс-шаралар, симпозиумдарға қатысып жүрмін. Білім мен ғылымнан басқа, осындай мәдени-әлеуметтік шараларды өткізу мақтан тұтатын іс деп ойлаймын»,-деді.
Келесі кезекте, Өкілетті Кеңес төрағасы Мұхиттин Шимшек:
«Құрметті ұстаздар, ата-аналар мен тәтті бүлдіршіндер, сіздерді Ясауи шаңырағында көргеніме, жылдағы дүстүрге айналған жиында басқосқанымызға қуаныштымын!
Түркістан – біздің жанымыз, қанымыз, отанымыз! Сондықтан, Түркістанның перзенттері, біздің де перзентіміз! Бүгінгі қуаныш иелері болған әр баланың маңдайынан сүйдім. Ата-аналары мен ата-әжелерін шын жүректен құттықтаймын!»,-деді.
Сонымен қатар, Мұхиттин Шимшек Ислам дінінде ата-ананың баласы алдында атқаруы керек маңызды борыштары: балаға лайықты есім беру, жақсы білім беру, сүндеттеу, қыз ұзатып, ұлды үйлендіру сынды жауапкершіліктері жөнінде кеңінен баяндады.
Университет ректоры Жанар Темірбекова да бүлдіршіндерге ақ тілегін арнады.
«Бүгінгідей әр отбасына қуаныш сыйлайтын іс-шарамыз жылдар бойы жалғасып келеді. Әлі де жалғасады. Балаларды сүндеттеу рәсімінің университет қабырғасында өтуінің өзі өте маңызды деп ойлаймын. Балалардың білімге деген құштарлығы артып, Қазақстан мен Түркі әлеміне адал азамат болып өсе берсін! Біз бүлдіршіндерімізге тек жақсылық тілейміз!»,-деді Жанар Темірбекова.
Іс-шара «Ақжайық» музыкалық мектебінің арнайы концерттік бағдарламасына ұласты. Сахна төрінде ән шырқалып, жетіген мен қара домбыраның үні баршаның жүрегін жаулады. Кішкентай ұл-қыздар ән салып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Мерекелік жиын соңында университет басшылығы мен қадірлі қонақтары сүндеттелген бүлдіршіндерге сыйлықтар таратып, естелікке суретке түсті.