МҰСТАФА КЕМАЛ АТАТҮРІКТІ ЕСКЕ АЛУ ШАРАСЫ ӨТТІ
Іс-шара ректор Жанар Темірбекова мен ректор өкілі м.а Нажи Генчтің Мұстафа Кемал Ататүріктің ескерткішіне гүл қою рәсімімен бастау алды.
Ұлт көшбасшысы және республика құру жолында жанын пида еткен барлық шейіттер құрметіне екі минуттық үнсіздік жарияланды. Қазақстан мен Түркия Республикасының әнұраны шырқалды.
Алғашқы сөз тізгінін алған ректор Жанар Темірбекова: «Бүгін біз күллі түркі әлемі үшін маңызды тұлға – Мұстафа Кемал Ататүрікті еске алу үшін жиналдық.
10 қараша – Мұстафа Кемал Ататүрікті еске алу шарасына алғаш рет, 1994 жылы Анкара қаласында білім алып жүрген шағымда қатыстым. Ататүріктің түркі дүниесі үшін қаншалықты маңызды екенін уақыт өте келе тереңінен тани түстік. Себебі, оның тарихта жүріп өткен жолы мен қиындыққа толы күрес жолын оқып,таныған әр адамның қайран қалмауы мүмкін емес. Таңданып та мақтанышпен де қарайтыны рас. Сондықтан болуы керек, арада қаншама жыл өтсе де баба рухына тағзым етпеген, үлкен сүйіспеншілік, әрі құрметпен еске алмайтын адам жоқ.
1991 жылы тәуелсіздік алған түркі мемлекеттері Түркияның азаттығы жолында бастан кешкендерін, Ататүріктің қаһармандыққа толы еңбек жолын жақсы біледі. Оның дипломатиялық ұтқырлығы мен мемлекет құру жолындағы істерінен үлгі де алды. Осы тұста, қос мемлекеттің, түркі елдерінің тәуелсіздігі мәңгі болуын тілеймін!»,-деді.
Ректор сонымен қатар, «Терең тарихтан жарқын болашаққа» деген университетіміздің мағынасы мол миссиясының маңызын бүгінгі күнмен байланыстыра баяндап берді. Қожа Ахмет Ясауи бабамыздан бастап, Мұстафа Кемал Ататүрікке дейін әділеттілікті ту еткен тарихи тұлғаларды ұмытпау қажеттігін түсіндірді.
Келесі кезекте, «Бұл жиында Мұстафа Кемал Ататүрікті еске ала отырып, оның – «Yurtta sulh, cihanda sulh», яғни «Ел ішінде бейбітшілік, әлемде бейбітшілік» деген сөзін тілге тиек еткім келеді. Ұлт көшбасшысы бұл сөздерді бекер айтқан жоқ. Түркия алғаш мемлекет атанғанда көрші елдермен тату болу, өзара қақтығыстардан аулақ болуға шақырды. Бұл қазіргі таңда бүтін бір ұлттың ұранына айналды. Түркі мемлекеттері ынтымағы жарасқан, бауырлас елдерге айналды»,-деді ректор өкілі м.а Нажи Генч.
Осылайша ректор өкілі тарихи тұлғаны еске алып, оның елі үшін жасаған ерен еңбектері туралы сөз қозғады. Оның бүгінге тарту еткен баға жетпес байлығы – Түркияның тәуелсіздігі, түркі мемлекеттерінің татулығы жөнінде тереңінен баяндады.
Шара соңында Мұстафа Кемал Ататүрік туралы бейнеролик көрсетіліп, қатысушылар батыр рухына тағзым етті.