УНИВЕРСИТЕТІМІЗДЕ «ЖЕМІС ЖИДЕКТЕРДІ ӨҢДЕУ ӨНДІРІСТІК ЦЕХІ» АШЫЛДЫ

  • 01.03.2024
  • KZ

image

«Қазақ тілі – ғылым тілі: дәстүр және инновация» симпозиумы аясында оқу орнымызда ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты «Ғылым қоры» акционерлік қоғамының қолдауымен «Жеміс жидектерді өңдеу өндірістік цехі» іске қосылды.

Цехтің лентасын ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев пен университетіміздің ректоры Жанар Темірбекова қиды.

Университеттің ботаникалық бағында орналасқан цех – «Инновациялық технологиялар негізінде биоресурстарды коммерциялық игеру арқылы Қ. А. Яссауи атындағы ХҚТУ ботаникалық бағының құнды генофондын сақтау» коммерцияландыру жобасы аясында ашылды.

Жобаның мақсаты – инновациялық технологиялар негізінде биоресурстарды коммерциялық игеру арқылы ботаникалық бақтың құнды гендік қорын сақтау, қалдықсыз өнім өндіру.

Өндірістік цех қазіргі заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, онда жемістерді жуу, кесу, кептіру, сұрыптау, орау, сақтау сынды қызмет түрлері орындалады. Өндірістік цехтің 1 тəулікте 5-7 тонна өнім қабылдап, қайта өңдеуге мүмкіндігі бар.

Цехтің жұмысы мен ғалымдарымыздың жобаларымен танысқан министр Саясат Нұрбек ғылыми жоба тобына сәттілік тіледі.

Алдағы уақытта, бұл өндірістік цехте қайта өңделген, табиғи кептірілген өнімдерді, оның ішінде кептірілген алма, алмұрт, өрік және тағы басқа өнімдерді Түркістан қаласына, ары қарай еліміздің басқа да қалаларына жеткізу жоспарлануда.